«Әйелдер саясатта, медиа және азаматтық қоғам»

2023 жылғы 24 тамызда Алматы қаласында «АРГО» Азаматтық қоғамды дамыту қауымдастығы» мен Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырған «Әйелдер саясатта, медиа және азаматтық қоғам» конференциясы өтті.

АРГО атқарушы директоры Жәмила Асанова: «ХХІ ғасырда мемлекеттің және оның саясатының тиімділігі объективті себептермен әйелдің саяси өмірге қатысуына және оның билікке қатысу дәрежесіне байланысты болып отыр. Қазіргі әлемде шешім қабылдаудағы әйелдің рөлін анықтау бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің біріне айналуда, бұл біздің конференциямыздың тақырыбын айқындады», – деп атап өтті.  


Конференцияның басты идеясы – қазіргі заманның ең өзекті мәселелерін шешудегі әйелдердің саяси көшбасшылығының рөлін анықтау.

Конференция жұмысына 50-ге жуық адам қатысты, олар Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Германия Бундестагының депутаты, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар, негізгі министрліктердің өкілдері, құқық қорғау, әйелдер қозғалыстарының, қауымдастықтардың, жергілікті қоғамдастықтардың әйел көшбасшыларының, гендерлік теңдік, азаматтық журналистика және БАҚ саласындағы ұлттық сарапшылардың өкілдері, сондай-ақ қоғамның әртүрлі салаларының мамандары.

Конференция бағдарламасы мынадай сессиялардан тұрды:

  • пленарлық және интерактивті тақырыптық сессиялар;
  • Германия мен басқа елдердің мысалында әйелдердің саяси қатысуының үздік халықаралық тәжірибесін талқылау;
  • табысты көшбасшылықтың жеке оқиғалары арқылы қатысушылардың бірегей тәжірибе алмасуы;
  • жаңа сын-қатерлер мен жаһандық өзгерістер тұрғысынан гендерлік теңдік саласындағы негізгі терминдердің ко-дизайнын түсіну;
  • Қазақстандағы әйелдердің саяси қатысу призмасы арқылы барлық әйелдердің жағдайын жақсарту және ұлттық гендерлік саясатты іске асыру бойынша аса маңызды бағыттар мен шұғыл шараларды айқындау сессиясы.

«Әйелдер саясатта, медиа және азаматтық қоғам» конференциясы өте қарқынды басталды. Конференцияны АРГО атқарушы директоры
Жәмила Асанова және Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Йоханнес Д. Рай ашты. Жәмила конференцияның негізгі идеясы мен міндеттерін белгілеп, спикерлер мен қонақтарды таныстырды.
Рай мырза осы конференцияны қолдауының себептері туралы айтып, Конрад Аденауэр атындағы қор мен АРГО арасындағы табысты ынтымақтастықты атап өтті.

Пленарлық сессияда:

— Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты
Ләззат Қалтаева,

— ХДО партиясынан Германия Федеративтік Республикасы Бундестагының депутаты доктор Кристиане Шендерляйн,

— доктор Кристиане Шендерляйн Кеңсесінің басшысы Фредерик Вуцлер,

— Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің
Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Лира Раисова,

— Молдова гендерлік орталығының президенті, БҰҰ-ның Еуропа мен Орта Азия аймағына арналған Women’s Major Group өкілі доктор
Валентина Бодруг-Лунгу мазмұнды баяндамалар жасады.

Баяндамашылар әйелдердің саясатқа және азаматтық қоғамға қатысуының маңыздылығы, әйелдердің қазіргі қоғамдағы рөлі және олардың Германиядағы, Қазақстандағы және әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдары мен саясатқа әсері туралы мәселелерді көтерді.

Баяндамаларда әйелдердің мүдделерін өңірлік және жаһандық деңгейде білдірудің мүмкіндіктері мен перспективалары туралы да сөз қозғалды. Спикерлер қоғам дамуындағы әйелдер ұйымдарының маңызды рөліне ерекше тоқталып, «барлық күш-жігерде гендерлік мәселелер басты орында болуы керек», – деп атап өтті.

Доктор Бодруг-Лунгу: «Әйелдер – өзгерістерді жасаушылар! Олардың барлық деңгейлердегі толық, тең және мағыналы қатысуы мен көшбасшылығы орнықты даму үшін өте маңызды» деді.

«Amazing Women stories» конференциясының екінші сессиясы Қазақстанның саяси тарихында есімдері мәңгілікке бас әріптермен жазылған танымал және тамаша әйелдердің жеке өмір тарихына арналды.

Бірінші болып Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова өз тарихымен бөлісті. Ирина Владимировна ауыл мектебінде биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген кезінен бастады. Мектептегі жағдайды өз көзімен көрген соң, ол білім алушылар мен мұғалімдердің құқықтарын қорғауға бел буды.

Кейінірек Алматыдағы №68 ОМ директоры бола отырып, Ирина Владимировна азаматтық белсенділік танытты және мұғалімдер ұжымы қалалық мәслихат депутаттығына оның кандидатурасын ұсынды.

Маған: «Сіз мәселелерді көтере бермеңіз, тынышталыңыз деді, бірақ мен үндемей қала алмадым», – деп атап өтті Ирина Владимировна.

2006 жылы Ирина Владимировна мұғалімдер ұйымдастырған «Білім беруді дамыту үшін қоғамдық майдан» бастамашыл тобына қосылды, онда олар бірлескен күш-жігерімен көптеген өзгерістерге қол жеткізді.

Біз бәріміз көшбасшымыз. Біздің елімізді алға жылжытатын көшбасшылар. Оларға шамалы ғана қолдау қажет».

2016 жылы Ирина Владимировна Коммунистік партиядан Мәжіліс депутаты болды және бүгінгі күнге дейін азаматтардың өмірін жақсартуды жалғастыруда.

Біздің әйелдер бізді алға жетелейді және бұл әйелдердің осындай мүмкіндіктерге ие болуының ең үлкен жеңісі».

Келесі кейіпкеріміз – ҚР Парламенті Сенатының II сайланымының депутаты Зәуреш Батталова өзі үшін күтпеген жерден саяси қызметке қалай келгендігін айтып берді:

Мен саясатқа барамын деп мүлдем ойламадым, мен мұнда қалай келгенімді түсінбей қалдым. Өмірде мен тек өзім қалаған нәрсені жасадым. Саясат туралы еш ойламаған едім».

Мұғалім, №38 ОМ директорының орынбасары бола отырып, ол мұғалімдердің мүдделерін түбегейлі қорғады. Әріптестері оны жаңа мектеп ғимаратын салу үшін депутаттыққа ұсынды.

Бәрі мектептен басталады, мемлекет те солай», – деді Зәуреш Батталова.

Зәуреш мұндай жолды өз бетінше жүріп өтті, ал өзінің сүйікті ісімен айналысуға деген ұмтылыс оны осы жолға алып келді.

Зәуреш Батталова: «Әйелдер ынтымақтасуы керек. Әйелдер, бір-біріңе қолдау көрсетіңдер, бір-біріңді ілгерілетіңдер», – деді тыңдаушыларға.

Меруерт Қазбекова – ҚР Парламенті Мәжілісінің V, VI сайланымдарының депутаты, саяси қызметке саналы түрде келіп, азаматтардың өмірін жақсартуды өзіне мақсат етіп қойды.

Еліміздің қаншалықты бай екенін біле отырып, мен дұрыс емес бағытта келе жатқанымызды көрдім. Мен бұл бағытты өзгерте аламын деп жіті сендім.

Осындай ұстанымды арқау еттім, ал ниеттес адамдар пайда болған кезде, мен әр азаматтың еркін өмір сүруі үшін еліміздің ресурстарының әділ бөлінуіне әсер ете аламын деген сенімде болдым».

Меруерт Қазбекова Парламент депутаты болған кездегі он жыл бойы елдегі өмірді жақсартуға ықпал ететін мәселелерді алға тартты. Осы он жыл ішінде ол сатқындыққа, пендешілікке және қиын кезеңдерге тап болды. Осындай сәттерде де Меруерт өз мақсаттарынан бас тартпады, ол өзі сияқты қоғамның мәселелеріне бейжай қарамайтын адамдар тобынан ынта-жігер алды:

Адамдардың шағын ғана тобы өмірді жақсы жаққа өзгерте алатындығына ешқашан күмәнданбаңыз. Олар өмірді жақсы жаққа өзгертеді».

Роза Әбілова – Іле аудандық мәслихатының төрайымы, өз тарихымен, ауылдан шыққан және қоғамды жақсы жаққа өзгертетін әйелдің тарихымен бөлісті.

Роза Әбілова көп балалы отбасында өсті. Ол үшін отбасы – басты құндылық. Роза Әбілова балаларға қамқорлық жасауға байланысты игі істі, яғни аула клубтарын ұйымдастырудың арқасында мәслихатта жұмыс істей бастады.

Роза Әбілова балалардың бос уақытын ұйымдастырудағы қажырлы еңбегі «жан жүрегімнің қалауы болды», – деп түсіндірді.

Қазір Іле аудандық мәслихатында жұмыс істей отырып, Роза азаматтарға қамқорлықпен өмір сүруге жақсы жағдай жасауды жалғастыруда:

Роза Әбілова: «Мен адамдарға жайлы және жақсы өмір сүру үшін жеткілікті өзгерістер жасаудамын», – деп сөзін аяқтады.

Әрбір оқиға бірегей болды, өйткені өз өмірінің мысалында оқиғамен бөліскен әрбір әйел қатысушыларға ұнайтын нәрсеңді жасаудың қаншалықты маңызды екенін және адамдардың өмірін жақсарту жолында
бір-бірін қолдау маңызды екенін көрсетті. Бейжай қарамайтын адамдардың қолдауымен әрбір әйелдің үніне құлақ асатындығын және әрбір адам біздің қоғамдағы жақсы жаққа өзгерістерге елеулі үлес қоса алатындығы мүмкін екендігін атап өтті.

Бұл эмоционалды күшті сессия болды. Осындай шабыттандыратын және ынталандыратын қадамы үшін спикерлер мен сессия қатысушыларына алғыс айтамыз.

Конференция аясында спикерлер Қазақстан Республикасының саясатындағы әйелдердің нақты оқиғаларынан, Конрад Аденауэр атындағы қордың өкілдерімен осы салада тәжірибе алмасудан бастап, әйелдердің қоғамдағы және саясаттағы жағдайын жақсарту бойынша ұсынымдар әзірлеуге дейінгі көптеген мәселелерді қарады.

Барлық баяндамалар мен таныстырылымдардан кейін шағын топтарда жұмыс өткізілді және саяси әрі азаматтық қызметте гендерлік мәселені ілгерілетуге ықпал ететін нақты шараларды талқылау жүргізілді.

Конференция барысында қатысушылар өсу нүктелерін және қолда бар оң өзгерістерді анықтады, мысалы:

— Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы қолданыстағы заң;

— Адам саудасына қарсы іс-қимыл заңын әзірлеу;

— Дағдарыс орталықтарын құру;

— Әзірленіп жатқан гендерлік қажеттіліктер картасы және тағы басқалар.

Қатысушылар қазір Үкіметтің назарын талап ететін гендерлік теңдіктің басым бағыттарын да анықтады: мұнда спикерлер гендерлік дамуды оқу бағдарламасына енгізу қажеттілігіне назар аударды; гендерлік бағдарланған бюджеттеуді енгізу; жынысы бойынша деректердің қолжетімділігін арттыру; отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң қабылдау; әйелдер үшін басшылық лауазымдарға квоталар енгізу.

Сонымен қатар, іске асыру салаларына қарай бөлінген практикалық ұсыныстар жасалды.

Үкімет тарапынан:

— Нақты тұжырымдамаларды қабылдау бойынша жұмысты күшейту қажет;

— Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның жұмысын күшейту;

— Гендерлік мәселелерге қатысты іс-әрекеттерді нақтылау;

Заң шығарушы орган тарапынан:

— Құқық қолдану практикасын жақсарту үшін терминдердің нақты ұғымдық аппаратын нақтылау және ұсыну маңызды;

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан:

— Азаматтық қоғамның бастамаларын қолдауды қамтамасыз ету қажет;

— Гендерлік теңдікке оқыту жүргізуге бюджет бөлу;

Азаматтық қоғам тарапынан:

— Қарама-қайшылықтар немесе бұлыңғыр терминдер көрінген кезде Үкіметке мезгіл-мезгіл ұсыныстар беру маңызды;

— Заңнамаға ұсыныстар дайындау;

— Гендерлік индикаторларды құру;

— Гендерлік теңдік бойынша оқыту тренингтері мен семинарлар өткізу;

— Жағдайды жеделдетіп жақсарту үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық;

Сарапшылар тарапынан:

— Гендерлік теңдікті ілгерілету бойынша тұрақты зерттеулер жүргізу қажет;

— Атқарушы органдардың іс-әрекеттеріне талдау жүргізу;

— Статистика мен іс-қимылдар жасау үшін зерттеулерді өңірлер бойынша тарату маңызды.

Біз конференцияның барлық қатысушылары мен спикерлеріне шабыттандыратын мысалдары үшін, елдегі гендерлік теңсіздік проблемаларына бейжай қарамағандары үшін, Қазақстан Республикасы әйелдерінің жағдайын жақсарту пайдасына осындай маңызды іс-шараларды қолдағаны үшін алғыс айтамыз.

Ең бастысы пікірлестерді қолдаудан және құнды тәжірибе алмасудан басқа, конференция барысында гендерлік теңдікті дамыту бойынша жұмыс жөнінде көптеген практикалық ұсыныстар әзірленді. Конференция қорытындысы бойынша Қазақстанда және басқа елдерде әйелдердің саяси қатысуын дамытуға елеулі үлес қосатын бірқатар құжаттар әзірленетін болады.

«Әйелдер саясатта, медиа және азаматтық қоғам» конференциясы қатысушыларға біздің дауыстарымызды біріктіре отырып, біздің ортақ болашағымызға ықпал ете алатынымызды және бірлескен күш-жігерімізбен еліміздің барлық азаматтары үшін ең жақсы жағдай жасай алатынымызды көрсетті!

Конференцияның фотосуреттері мен видеосы мына сілтеме бойынша