Еуропалық одақ Қазақстандағы жергілікті дамудың аймақтық тәсілін қолдайды

2020 жылдың 23 қаңтарында Нұр-сұлтан қаласында «Шығыс және Орталық Қазақстанда жергілікті деңгейде мүдделі тараптардың белсенді қатысуы» және «Ауылды бірлесе дамыту» жобаларының қорытынды конференциясы өтті. Екі жоба да жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа тетіктерін енгізуге және қоғамды шешім қабылдау процесіне тартуға бағытталған. Оларды іске асыру 2017 жылы Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының ауылдық аудандарын Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен басталды. Жобалар бюджеттерінің жалпы сомасы – 928 412 евро, бұл ретте ЕО үлесі  832 570 евроны құрады.

«Қазақстан соңғы жылдары ЕО-ның маңызды серіктесі болды. Біз болашақта Қазақстанмен ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктерді көріп отырмыз. Қазіргі уақытта біз ынтымақтастық аясында екі негізгі бағытқа – гүлдену мен ынтымақтастыққа көңіл бөлеміз. Біз жергілікті әкімшіліктер мен жергілікті қоғамдастықтарға даму басымдықтарының жалпы түсінігін қалыптастыруға және өмір сүру деңгейін жақсарту үшін бірге жұмыс істеуге көмектесетін осы жобалар арқылы Қазақстанда азаматтық қоғамның құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететінімізді мақтан тұтамыз», — деп атап өтті Қазақстандағы ЕО Өкілдігінің ынтымақтастық жөніндегі басшысы Йоханнес Стенбаек Мэдсон.

Конференция қатысушыларына жобалардың негізгі нәтижелері, соның ішінде ауыл кәсіпкерлеріне қаржылық қолдау көрсету және дамытудың инклюзивтік жоспарларын іске асырудан алынған сабақтар ұсынылды. Осылайша, Қазақстанның үш облысында жобаларды іске асырудағы 3 жылдың ішінде жергілікті қоғамдастық мүшелерін тарта отырып, 23 пилоттық ауылды дамытудың инклюзивті жоспарлары әзірленді және енгізілді, ауыл мәселелерін талқылау бойынша 80-ге жуық пікірталас ұйымдастырылды, жалпы сомасы 32 млн. теңгеден астам 33 ауылдық кәсіпкерге қаржылай қолдау көрсетілді. Жоба серіктестерінің күш-жігерінің арқасында кәсіпкерлер өз бизнесін табысты жүргізіп, ауыл тұрғындарына қажетті қызмет көрсетіп, жұмыс орындарын құрып, өз мүмкіндіктерін кеңейтуде.

«Өңірдің дамуы тұрғылықты жеріне қарамастан өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс. Менің ойымша, сіздер жүзеге асырып жатқан жобалар өте өзекті болып табылады. «Нұрлы жол» және «Нұрлы Жер» бағдарламалары аясында ауылдарды дамытуға қаражат бағытталатын болатынын айтып өткім келеді. Жаңа форматты дамыту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде – оның аясында өңірдің ерекшелігі ескерілетін болады, осы аймақ тұрғындарының өзекті мәселелері ескерілетін болады. Сонымен қатар, ҚР дамуының негізгі элементтерінің бірі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту болып табылады», – деді ҚР Ұлттық экономика Вице-министрі Ермек Алпысов.

Сонымен қатар, конференцияға қатысушылар жергілікті өзін-өзі басқару және орталықсыздандыру саласындағы соңғы оқиғаларды талқылады, мәселелі сұрақтар мен маңызды қажеттіліктерді талдады. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту, жергілікті бюджетті дайындау және шешім қабылдау процесіне азаматтарды тарту, сонымен қатар ауылдық әкімдер мен жергілікті қоғамдастықтардың құзыреттері айқындалды. Үкімет үшін жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі мәселелерін шешу, қоғамдастықтың қатысуы және жергілікті әкімдердің рөлі бойынша ұсыныстар әзірленді.